2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 10 мыңнан аса интернет алаяқтық дерегі тіркеліп, азаматтар жалпы 18,2 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшыраған, деп хабарлайды BöriTimes.
Семинар Түркітілдес журналистер қоры мен «Халық банкі» АҚ-ның бірлесіп ұйымдастырған «Halyk-пен қаржылық сауат» жобасы аясында өтті. Жиын барысында қаржылық қауіпсіздік, интернет алаяқтықтан қорғану, жасанды интеллектті қолдану, медиаэтика сынды маңызды тақырыптар қозғалды.
Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, бұл жоба тек журналистер емес, бүкіл қоғамның қаржылық сауатын арттыруға бағытталған.
Семинарларға қатысқан әр журналист алған білімін отбасына, ортасына жеткізеді. Бұл – қоғамның қаржылық сауаты артуына үлкен үлес, — дейді ол.
Halyk bank мамандары алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін ашып көрсетті.
Сіздің атыңызға несие рәсімделді», «Банк қызметкері хабарласып тұр», «Қауіпсіз шотқа ақшаңызды аударыңыз», «Сіздің шотыңыздан күдікті әрекет тіркелді», «SMS-кодты айтып жіберіңіз» деген мазмұндағы жалған қоңыраулар мен хабарламалар. Алаяқтар азаматтардың шотындағы нақты сома туралы білмейді. Бірақ психологиялық қысым арқылы олардың сеніміне кіріп, ақшаны алдап алуға тырысады. Сол себепті мұндай хабарламаларға ешқашан сенбеңіздер, сөйлеспей нөмірді бұғаттаңыздар, — деді банк өкілі.
Семинарда медиада жасанды интеллектті пайдалану, deepfake-тен қорғану, ақпараттың рас-өтірігін ажырату, контент монетизациясы, визуал құралдармен жұмыс (SnapEdit, Canva AI) сынды өзекті тақырыптар қамтылды.
Семинар аясында қатысушылар жасанды интеллект көмегімен авторлық сайт ашып, контент жасау тәжірибесін де өтті. Журналистикадағы жаңа трендтер мен деректер журналистикасы бойынша құралдар да таныстырылды.
Шара соңында Түркітілдес журналистер Қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы мен «Халық банкі» АҚ ШҚО филиалының директоры Сәуле Мұсаханова барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етті.
Семинар мазмұны ауқымды, деңгейі жоғары болды. Жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кәсіби деңгейде қолдануды үйрендік, — деді қатысушы журналист Талғатжан Мұхаммадиев.
Айта кетейік, мұндай семинарлар бұған дейін Орал, Қостанай, Тараз, Семей қалаларында өткізілген. Өскемен — бесінші қала. Жоба алдағы уақытта да жалғасады.