Бірнеше аптадан кейін 44 жастағы азамат Jüregimniñ Jenımpazy жүгірісінде 10 шақырымдық қашықтыққа шығады. Және қатысушы ретінде ғана емес — бауыр трансплантациясынан өткен адам ретінде бақ сынайды, деп хабарлайды BöriTimes.
Біз Андрей Шелестюкты Астана саябағында таңғы жаттығу барысында кездестірдік. Ол асықпай дене қыздырып, жанынан өткендерге күлімсірей қарап, әдеттегідей пульсін тексеріп тұрды. Екі жыл бұрын Андрей жұбайымен шетелге — Минскіде аттанып, онда бауыр трансплантациясы жасалуы тиіс еді. Қазақстанда оны Күту парағына енгізгенімен, жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқандықтан, алтын уақытты жоғалтпау керек болды.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз барлығы 2023 жылдың наурызында басталғанын еске алды. Симптомдар күшейіп, аяқтары ісіп, сарғаю пайда болған. Санаулы күнде іш қуысына сұйықтық жиналып, асцит дамыды — іші ісініп кетті. Салмағы 115 келіге дейін жетіп, бұл жағдай бастапқыда дұрыс тамақтанбаудың салдары деп қабылданды. УДЗ қорытындысы «бауыр циррозын» көрсетті. Одан кейін — ауруханаға жатып, бір ай бойы жағдайын тұрақтандыру үшін күрес пен «кома шегіндегі өмір» басталды.
Андрей сол кездері үй мен аурухана арасында жүргендіктен, «дабылды сөмке» — құжаттар мен керек-жарақтар — есік алдында әрдайым дайын тұратын. Өңеш көктамырларынан әр ішкі қан кету кезінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, эндоскопиялық лигирлеумен аяқталатын. Дәрігерлер өңеш пен асқазан веналарына арнайы металл қысқыштар салып, қан айналымын тоқтаты келді. Бұл тіндердің некрозын тудырып, кейін тыртық пайда бола бастады. Оған қоса асцит — ішке сұйықтық жиналуы да тоқтамай қойды.
Бетіңе тура қарап, аз уақытың қалды дейді. Трансплантация жасалмаса, көп болса бір жылың қалды деп айтты. Оны естіген соң, ешқандай жоспар құрмайсың, тек бар күшіңді жинап, аман қалудың жолын іздейсің, – дейді ол. – Құжаттарымызды жинап, ұшаққа мініп, Минскіге жол тарттық. Онда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жақсы дамыған. Қайта оралам ба, жоқ па — білмедім. Ең жаманына дайын болдым, сол себепті өсиет те жазып қойдым, — дейді кейіпкеріміз.
2023 жылдың тамызында Андрей ауыр отаны еңсерді – түтіктер, наркоздан шығу, әлсіздік. Трансплантацидан кейінгі үшінші күні жедел гуморальды кері қайтарылу реакциясы басталды. Тағы да бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, жоғары дозалы дәрілік терапия, ұзақ тамшылатып ем алулар жалғасты.
Бұл менің жылаған жалғыз сәтім шығар. Бұған дейін бәрін ішімде ұстап келдім. Ал сол кезде шыдай алмадым. Дәрігерлерге алғысым шексіз — олар жанымды сақтап қалды», – деп еске алды реципиент.
Трансплантациядан кейін Андрей қайтадан жүруді үйрене бастады. Оңалтудан соң бірден шамалы серуендей бастады. Алғашқы қадамдар, алғашқы метрлер өте ауыр тиді. Әр күн сайын бір қадам қосып отырды. Қыста жылдам жүріске көшті, ал 2024 жылдың көктемінде алғашқы 21 шақырымды жүріп өтті. Жазда алғаш рет тоқтаусыз 3 шақырым жүгіріп шықты.
Баспалдақпен көтеріле алмайтынмын. Дұрыс демала алмайтынмын. Бұлшық еттерім мақтадай болды. Аяғым тыңдамады. Үйде жатып, терезеден сыртқа қарап жаттым. Көшеге шығып, жер басып жүргім келді. Сол кезде егер тірі қалсам — жүгіре бастаймын, шынайы өмір сүремін деп өзіме уәде бердім. Кейін үйден шығып, жай ғана жүре бастадым, – дейді ол. – Сол күзге дейін де жете алмай қалуым мүмкін еді. Қазір түсініп отырмын — ағзаның даусын тыңдай білу, дәрігерге баруды кейінге қалдырмау өте маңызды», — деп жалғастырды ол.
Қазір Андрей марафондар мен қайырымдылық жүгірістеріне қатысады. Ол кәсіби спортшы емес. Ол өзін жолы болған адам деп санайды. Нәтижесінде 50 келідей салмақ тастап, қазір 67 келі тартады.
Биыл ол Jüregimniñ Jenımpazy жүгірісіне қайта қатыспақ. Бұл — жыл сайын өтетін қалалық шара, оны Heart Center Foundation қоғамдық қоры трансплантацияны күту тізімінде тұрған адамдарды қолдау үшін ұйымдастырады. Биылғы жүгіріске 5000 қатысушы жиналады. Олардың қатарында дәрігерлер, пациенттер, еріктілер, донорлардың отбасылары бар. Мақсат — қоғам назарын Қазақстанда трансплантологияны дамытуға аудару және өмірін күтумен өткізетін жандарды қолдау, — деп бөлісті Андрей.
Республикалық трансплантация және үйлестіру орталығының дерегінше, елімізде алмастыруды Күту парағында 4,1 мыңнан астам адам бар. Оның 200-ден астамына бауыр трансплантациясы қажет. Көбінің күтуге уақыты жоқ.
2024 жылы Instagram-нан Jüregimniñ Jenımpazy жүгірісінің афишасын көрдім. Бірден қатысамын деген ұйғарымға келдім. Ол кезде 10 шақырымды 1 сағатта жүгіріп өттім. Бұл — менің алғашқы шынайы мәрем. Бұл шарада ешкім спорттық рекорд үшін жүгірмейді. Бұл — қазір трансплантацияны күтіп жатқан адамдарға моральдық қолдау. Меніңше, жыл сайын бұл шараға қатысатындар саны көбейе түседі, – дейді Андрей. – Жеке өзім — қазір тамшылатып ем алып жатқан адамдар үшін жүгіремін. Мүмкін, олардың кейбірі өзіне небәрі үш ай қалғанын білмейтін де шығар. Мен күту дегеннің не екенін білемін. Екінші мүмкіндік алу не екенін де білемін. Егер осы оқиғадан кейін кем дегенде бір адам донор болуды шешсе — демек, бәрі бекер емес», — деп аяқтады сөзін Андрей Шелестюк.
44 жасар азамат күн сайын жаттығады: жүгіреді, жүзеді, велосипед тебеді. Әр жексенбі сайын 20 шақырым жүріп өтеді. Блог жүргізіп, тәжірибесімен бөліседі және трансплантацияға дайындалып жүрген жандарға қолдау көрсетіп жүр.