«Қазгидромет» ШҚ филиалының мәліметінше, 25 шілде күні солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауысатын жел соғады, облыстың шығысында күндіз желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың оңтүстігінде 35 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі, деп хабарлайды BöriTimes.
Сонымен қатар, облыс бойынша өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталуда.
Осы ретте ШҚО төтенше жағдайлар департаменті халыққа сақтық шараларын тағы бір еске салды.
Жел күшейген кезде электр сымдарына және шайқалып тұрған заттарға жақындамаңыз, аялдамалардың артына, ағаштардың түбіне тығылмаңыз, мүмкіндігінше сағат 11:00-ден 17:00-ге дейінгі ең ыстық уақытта далада болуды шектеңіз, ауыр физикалық жүктемеден аулақ болыңыз, су жағасында демалғанда тек рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, мас күйде суға түспеңіз, ыстық кезде өрт шығу қаупі артады. Үйлер мен аула маңында от жақпаңыз, құрғақ шөпті, қамысты өртемеңіз. Өрт сөндірудің бастапқы құралдары қолыңызда болсын. Автокөліктен сөндірілмеген темекі тұқылын, шыны бөтелке тастамаңыз, — делінген хабарламада.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» бірыңғай құтқару нөміріне қоңырау шалыңыз.